|
|
Басты бет |
Сайт картасы |
Пресса залы |
Импрессум |
Байланыстар
|
|
|
Жаңалықтар мұрағаты
Сыр бойында биылғы күріш егісінің өзіндік ерекшелігі бар
Биыл Қызылорда облысында күріш өндірісіне қатысты бірқатар өзгерістер жүзеге асты. Мұның біріншісі, көп жылдардан бері бірінші рет күріш
29 | 08 | 2008 мөлшері 20 мың теңгеге жетті. Айналып келгенде, бұлар күріш егуші шаруашылықтар мен егіншілерге үлкен қолдау болғалы тұр. Сонымен қатар өңірде өндірілген күрішті мемлекет материалды резервіне сату мәселесі де қаралуда.
Облыстық статистика басқармасының мәліметі бойынша биыл 146,2 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарды орналастырылса, оның 71,9 мың гектары дәнді, 2,5 мыңы майлы дақылдар, 19,2 мың гектары картоп, көкөніс, бақша және 52,6 мың гектары мал азығындық дақылдар құрамына жатады. Су тапшылығына байланысты егіс көлемі 2007 жылмен салыстырғанда 7,5 мың гектарға кем егіліп, барлық егіс көлемінің ішінде күріштің көлемі 61682 гектарға тоқталды. Ауыл шаруашылығы дақылдары егісі құрамында дәнді дақылдардың үлес салмағы 49,1 пайыз болса, күріштің көлемі барлық егістің 42,0 пайызын құрады.
Саланы дамытуда мемлекеттің қолдауы жылдан жылға ұлғаюда. Биылғы жылы республикалық бюджеттен облыстың егін шаруашылығын дамытуға барлығы 1493 млн. теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 904,1 млн. теңгеге артық. Осыдан 1343 млн. теңге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті тауар-материалдық құндылықтардың құнын арзандатуға, 30,5 млн. теңге тұқым шаруашылығын дамытуды қолдауға, 9,6 млн. теңге жеміс дақылдары мен жүзімнің көп жылдық екпелерін отырғызуды қамтамасыз етуге, 61,9 млн. теңге су жеткізіп беру қызметтерін субсидиялауға бөлінсе, облыстық бюджеттен күріштің бірінші репродукциялы тұқым өндіретін шаруашылықтарды қолдауға 48,0 млн. теңге қаржы қаралды. Бұл қаржылар қазіргі күні жоспарланған мерзімде игерілуде.
Дақылдардан мол өнім жинауда егілетін тұқым сортының, оның сапасының маңызы жоғары екені белгілі. Бұл ретте үстіміздегі жылы егілген 17,7 мың тонна күріш тұқымы 100 пайыз тексеріліп, оның 11,5 пайызы І-класс, 78,8 пайызы ІІ-класс болып, яғни себілген тұқымның 90,5 пайызы 1-2 класты сапамен егілді. Ал қалған 9,7 пайызға 3 класты тұқымды себу Қармақшы, Қазалы, Жаңақорған аударында орын алды. Келешекте барлық себілетін тұқымды толығымен 1-2 класты дәрежеде егу қарастырылып отыр.
Сонымен қатар барлық себілген күріш тұқымының 93,9 пайызы жоғарғы репродукциялы санатта себілді. Қалған 6,1 пайызы – ІІІ-репродукциялы тұқым болса, бұл негізінен Сырдария ауданының еншісіне тиеді.
Семинарда сөз сөйлеген облыс әкімі Болатбек Қуандықов келешекте күріштен жоғары өнім алу үшін себілетін тұқымның сапасы 2 кластан аспауы және репродукциясы екіншіден жоғары болмауы тиіс екенін алға тартты. Ол үшін аудандарда тұқым шаруашылықтары жұмысын тиісті дәрежеге көтеру қажеттігі туындайды. Өткен жылы күріш сортын жаңалау жөнінде біршама игі жұмыстардың жүзеге асқаны мәлім. Облыстың бір топ мамандары мен ғалымдары Краснодар өлкесіндегі Бүкілресейлік Күріш ғылыми зерттеу институтымен іскерлік байланыс орнатты. Осының нәтижесінде ол жақтан күріштің 7 сортының тұқымы әкелініп, өндірістік сынаққа егілді. Осындай шаралардың нәтижесінде былтыр өңірімізде жақсы көрсеткішке жеткен "Лидер", "Янтарь", "Новатор" сорттарын аудандастыру туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс берілді. Осыған орай биыл наурызда "Янтарь" сорты пайдалануға рұқсат етілген сорттар тізбесіне және "Новатор", "Лидер" сорттары келешегі жоғары деп танылған сорттардың тізіміне ендірілді. Атқарылған сондай жұмыстардың арқасында бұрын күріш егісінің 85 пайызына дейін егіліп жүрген "Маржан" сорты 42,6 пайызға, "Кубань"-3 сорты 5,4 пайызға егілсе, Краснодар өлкесінен әкелініп, аудандастырылған жаңа сорттар егістің 52 пайызын құрады. Келешекте жаңа сорттардың тұқым шаруашылығын жолға қою мақсатында "Новатор" сортын Қазалы ауданының "Сыр маржаны" ЖШС, "Лидер" сортын Жалағаш ауданы "Сәрке батыр" ЖШС және "Янтарь" сортын Жалағаш ауданы "Таң" ЖШС кеңінен қолға алғалы отыр. Күріштен жоғары өнім жинауда күтіп-баптау шараларының алар орны ерекше екені белгілі. Биылғы жылы 26 мың гектар егістік арам шөптерге қарсы тиісті гербицидтермен өңделсе, 36,4 мың гектар күріш алқабы азот тыңайтқышымен үстеп қоректендірілді.
Биылғы жыл бүкіл Орталық Азияда ауа райының қуаңшылығымен есте қалды. Сырдария өзенінің бастауы – Тоқтағұл су қоймасында бұрын соңды болмаған су тапшылығы орын алды. Осыған орай, біздің облыста да күріш егісі межеленген көлемнен 9,3 мың гектарға кем егілді. Әсіресе, Жаңақорған, Шиелі аудандары үшін өзен суының деңгейінің төмен болуы көптеген қиыншылықтар туғызды. Бұл аудандарда күрішке су беру алғашқы кезден бастап кезекке қойылып, қажет жерінде дақылдарды суаруда сусорғылар пайдаланылды. Мүмкіндігі болған жерде қашыртқы суларды сусорғы арқылы қайта пайдалану жүзеге асырылды. Мұндай жұмыстар басқа да аудандарда атқарылып, жаз бойы жиі-жиі су жүйелері тазаланып, суды барынша тиімді пайдаланудың барлық шаралары жасалды. Жалпы облыс бойынша 49 су насосы жұмыс істеді. Мұның ішінде, Жаңақорған ауданында -22, Шиеліде - 15, Сырдарияда 10 насос тұрақты түрде егіске су жеткізіп тұрды. Сөйтіп, егілген егісті судан қалдырмаудың барлық шаралары қарастарылды.
Соңғы жылдары облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында картоп, көкөніс, бақша, майлы дақылдардың егіс көлемін ұлғайту қолға алынуда. Осының ішінде биылғы жылы картоп өнімдерін молайту мақсатында облыстық "Демеу" қорынан картоп тұқымын және картоп өсіруді механикаландыру үшін қажетті техникалар сатып алуға 120 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстары аумағынан 1205 тонна картоп тұқымы әкелініп, сұранысқа сәйкес облыстың барлық аудандарына таратылып берілді. Бұл картоп тұқымдары агротехника шараларына сәйкес егіліп, күтімге алынды.
Алдағы жылдары облыстың картоп тұқымына деген сұранысын жергілікті өндірілген картоп тұқымымен қамтамасыз ету бағытында Шиелі ауданындағы "Мақсат" шаруа қожалығы негізінде тұқым шаруашылығы ұйымдастырылды. Үстіміздегі жылғы бұл шаруашылық Алматыдағы картоп, көкөніс шаруашылығы ҒЗИ институтымен келісім шарт жасап, институттың селекциялық жетістіктері –
картоптың "Тоқтар", "Орбита", "Тамаша" және "Ақсор" сорттарының элита және Солтүстік Қазақстан облысынан "Невский", Қарағанды облысынан "Ягодный-19" сорттарының тұқымын алдырып, егіп отыр. Бұл шаруашылық бүгінгі күні картоп өсіретін техникалармен толық қамтамасыз етілген. Нәтижесінде аталған шаруашылық 22 гектар картопты механизм арқылы егіп, уақытылы күтім жасап, бүгінде картоп жинау жұмысына дайындалуда.
Соңғы жылдары бақша, көкөніс дақылдарының өнімін молайту мақсатында бұл дақылдарды ерте көктемде пленка астында өсіру Жаңақорған, Шиелі аудандарында кеңінен өріс алуда. Осының нәтижесінде биылғы жылы облыс орталығында қауын, қарбыздың бағасы өткен жылдармен салыстырғанда арзан болып отыр. Жылдағыдай Өзбекстаннан көкөніс келмесе де қала халқы көкөніс өнімдерінен тапшылық көрген жоқ, оның бағасы да өткен жылғы деңгейде сақталуда.
Облыстың климаты күрт құбылмалы болуына байланысты егілген дақылдарды ауа райының қолайсыздығынан сақтандыру өте маңызды. Себебі, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер табиғаттың келеңсіз жағдайларынан өнім ала алмаған жағдайда, егін егуге жұмсаған шығындарын қайтарып алуына мүмкіндігі болады. Осыған байланысты 2007 жылы тиісті егістің 80 пайызы сақтандырылған болса, биылғы жылы сақтандырылуға жатқызылған егіс көлемінің 94,2 пайызы қамтылды. Облыс бойынша өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру жұмыстары Жаңақорған ауданында қанағаттанғысыз жүргізілген. Үстіміздегі жылы бұл ауданда егілген дақылдардың 55,2 пайызы ғана сақтандырылды. Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыруға мән берілмегендіктен, биылғы жылы маусым айында болған бұршақтан залал шеккен егіс алқаптарына шаруалар өтемақы ала алмады. Сондықтан сақтандыру жұмыстарына ерекше мән беру керектігін ескеру қажет.
Бір қуанарлығы, облыста жылма-жыл төрт түлік малдың басы өсуде. Оларды қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету қашанда маңызды мәселе. Осыған орай, облыста мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл 596 мың тонна шөп дайындау қажет болса, осыдан бүгінгі күні 415,4 мың тонна шөп жиналды, оның ішінде 61,5 мың тоннасы құнарлы жоңышқа шөбі. Өткен жылдары егілген 27,2 мың гектар жоңышқа алқабына екі мәрте орақ түсіп, орташа гектар түсімділігі 26,7 центнерден айналды.
Егіннің мерзімінде, ысырапсыз, сапалы жиналуы, әрине, техникалардың дайындығына, олардың қажетті жанар-жағар маймен толық қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Облыстың ауылшаруашылығы құрылымдарында биылғы егінді жинауға қажетті техника жеткілікті. Құрылымдардағы машина-трактор паркі жылма-жыл жаңа техникалармен толығуда. 2005-2007 жылдар аралығында 172 комбайн, 54 дестеге салғыш, 215 трактор алынса, биылғы жылдың 7 айында 55 техника лизингілік жолмен қолға тиген. Жалпы облыс бойынша соңғы жылдары машина-трактор паркі 27,2 пайызға жаңарды.
Қазіргі күні ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолында 1818 трактор, 559 комбайн, 353 жатка, 504 жүк автокөлігі, 957 трактор тіркемесі және 57 механикаландырылған қырман бар. Осы техникалардың бүгінгі күнге 97,1 пайызы дала қосындағы еңбек дүбіріне дайын. Ал әр техниканың маусымдық жүктемесін жаткаға – 175 гектар, комбайнға – 140 гектар деп есептегенде, егін орағын 25 күн ішінде аяқтап шығуға толық мүмкіндік бар. Есептеулер бойынша облыстағы диқан қауымына күзгі егін жинау және дала жұмыстарын атқаруға 15 мың тонна дизель отыны, 3 мың тонна бензин және мың тонна қою май керек. Осыдан қазіргі күні дизель отынының 40 пайызы, бензиннің 56,6 пайызы және қою майдың 60 пайызы дайындалған. Жанар-жағар майдың толық қорын дайындау жұмыстары одан әрі жалғастырылуда.
Облыста күздік және жаздық бидай, арпа егісін жинау жұмыстары аяқталды. Күздік бидайдың орташа өнімі гектарына 10,5 центнерден, жаздық бидайдікі 8 центнерден және арпа өнімі 5,5 центнерден алынды. Табиғаттың тосын құбылысына байланысты Жаңақорған ауданында 709 гектар күздік бидай ораққа түспей қалды.
Биыл ауа райының қиыншылығы ауыл шаруашылығы дақылдарының қалыпты өніп-өсуіне теріс ықпал жасады. Ауаның құрғақшылығы, ыстық желдің жиі болуы бидайдың тез пісуіне себепкер болғанмен, олардың өнімінің кемуіне әкеліп соқтырып, соның салдарынан күздік, жаздық бидайдың гектар түсімділігі өткен жылмен салыстырғанда 5-6 центнерге азайып кетті. Есесіне жаздық бидайдан тұқым құйылмай қалды. Сондықтан келесі жылы егілетін жаздық бидай егісі үшін қажет тұқым көлемін осы кезден бастап іздестірген абзал.
Мамандар облыстағы 61,7 мың гектар күріштік алқаптың 45,2 пайызының шығымы -жақсы, 51 пайызы - орташа, 3,8 пайызы нашар деп бағалап отыр. Аудандардың алдын ала мәліметіне сүйенсек, күріштің әр гектарынан орташа 40 центнерден өнім жиналып, барлығы 247 мың тонна Сыр салысы қамбаға құйылуы тиіс. Қорыта айтқанда, қызылордалық егінші қауым шешуші науқанға жақсы дайындықпен кірісті.
Негізі: ҚазАқпарат/ Руслан Игілік/
|
|
|
|