|
|
Басты бет |
Сайт картасы |
Пресса залы |
Импрессум |
Байланыстар
|
|
|
Жаңалықтар мұрағаты
Үкімет шағын кәсіпкерлікті қолдауға қаржы бөлді, ендігі нәтиже әкімдер мен банктердің белсенділігіне байланысты
«Қай мемлекетте кәсіпкер көбейсе, сол мемлекеттің ішкі жағдайы тұрақтана түседі. Әрі сыртқы қауіпке тосқауыл бола алатын бірінші күш те іш
25 | 08 | 2008 мойынсұнған бірден-бір қағидаты. Шындығында, шағын және орта бизнес қазіргі таңда өзекті болып табылатын қаржы нарығын күшейту, бәсекелестікке қабілетті орта қалыптастыру, халықтың сатып алу қабілетін арттыру секілді экономикалық дамудың басты мәселелеріне жауап береді. Сондай-ақ, кез келген қоғамда орта дәулетті адамдардың, яғни шағын кәсіппен айналысушылардың әлеуметтік және саяси тұрақтылықтың кепілі болып табылатындығы әлдеқашан мойындалған. Ал әлемдік тәжірибе бойынша дамушы мемлекеттегі шағын бизнес нарықтық экономикада жетекші орын алуы тиіс.
Сондықтан да, әлемнің көптеген елдеріндегі секілді Қазақстанда да кәсіпкерлікті дамыту ісіне айрықша маңыз беріліп келеді. Тіпті, осыдан дәл бір жыл бұрын басталған дағдарыс «салқынынан» соң, бұл бағыттағы үкіметтік саясат айқындалып, қолдау нақты жүзеге асуда. Мәселен, алдағы жылдарға еліміздегі шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың нақты және тиімді үлгісі жасалды. Заманауи болжам жасау, қауіптің алдын алу мен болдырмау шаралары сарапталды. Атқарушы билік тарапынан жыл соңына дейін шағын бизнесті тексеруге шектеулер қойылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қаржы мөлшері де айтарлықтай артты. Сондықтан да, қайсібіреулер болжағандай, Қазақстанда экономиканың «төмен құлдилауы» секілді теріс мәселелер орын алмауына да үкімет қолдаған шағын кәсіпкерліктің қосқаны үлесі бар деп айтуға негіз мол.
Рас, отандық бизнестің дамуына серпін берілгенімен, кәсіпкерлер қаптап, жұрт жаппай шағын саудамен айналысып кеткен жоқ. Дегенмен де, Үкімет ағымдағы жыл басынан бері елдегі шағын және орта бизнеске қосымша күш беруді қалыпқа түсірді, кәсіпкерлікті қолдаудың шынайы деңгейін көрсетіп келеді. Сонымен қоса, атқарушы билік шағын және орта бизнесті қаржыландыруды да сатылап жүзеге асырып жатқаны белгілі. Мәселен, шағын бизнесті қаржыландыру бойынша алғашқы жартыжылдықта 48,8 миллиард теңге шамасындағы жобалар жүзеге асты. Ендігі күні шағын және орта бизнесті 50 миллиард теңгеге қаржыландырудың екінші сатысы қолға алынып отыр.
Сондықтан да, атқарушы билік тарапынан жүргізіліп жатқан шағын кәсіпкерлікті қаржыландыру саясатының екінші сатысына жан-жақты тоқталып өтсек. Кәсіпкерлерді қаржыландырудың екінші сатысының алғашқыдан, яки бұрынғылардан айырмашылығы - пайыздық ставкалардың төмендігінде болып табылады. Мұнда қаржыландыру ставкасы 12,5 пайыздық деңгейде (былтыр басталған дағдарыстың алдындағы деңгей осындай болатын). Сонымен бірге, жоба аясында республикада қызмет етуге қабілетті барлық шағын және орта бизнес нысандарын несиелендіру қарастырылады. Кәсіпкерлерді қаржыландыру үшін «Қазына» және «Даму» қорларының келісімдеріне сәйкес, қаржының 50 пайызға дейінгі сомасы қайта қаржыландыруға берілуі мүмкін. Бағдарламаға еліміздің 9 қаржылық институты қатысу туралы ниетін танытса, «Казкоммерцбанк» пен «Халық банкі» бағдарламадан бас тартқан. Кредит ұсыну мәселелері бойынша «ТұранӘлемБанкі», «Нұрбанк», «Центркредит» секілді банктермен келісімге қол қойылып, аталған банктерге 12,5 млрд. теңге де бөлініп қойды. Басқа банктермен де келісім-шарттар жасалуда.
Осылайша, Үкімет кәсіпкерлікті қолдау үшін өңірлер бойынша қаражатты бөлу турасындағы өз міндеттерін толық атқарып келеді. Бағдарлама, жобалар тиімді қаржы жұмсаудың нәтижесінде жақсы қарқын алатын түрі де бар. Дегенмен де, Министрлер Кабинетінің осы мәселеге арналған кеңесінде біршама олқылықтардың бар екендігі де мәлім болды. Сондай-ақ, бұл олқылықтар да негізінен Үкіметке немесе министрліктер жұмысына байланысты емес, екінші деңгейлі банктер мен жергілікті әкімдерге қатысты болып отыр. Мәселен, жалпы республикамызда шағын және орта бизнесті қаржыландыру бойынша 748 жоба әзірленіп, бұлар облыс әкімдіктері тарапынан қаралып, оның 498-і мақұлданған. Несиелік келісім-шарттар 20 жоба бойынша жасалып, бұл шамамен 512 млн. теңгеге мақұлданған. Яғни, жоғарыдағы 512 млн. теңге қаражат шағын және орта бизнеске жұмыс істеуі үшін нақты қозғалысқа түсті десе де болады.
Ендігі күні Үкімет ұсынған қаржының игерілмей қалуы туралы қауіптер айтылып жатқандығы рас. Әрине, бюджет қаражаты болғандықтан да ақша желге ұшып кетпеуі тиіс. Бұл - бірінші мәселе. Екіншіден, бірқатар екінші деңгейлі банктердің егер шағын бизнес банктің филиалынан 100 шақырым қашықтықтан асып кетсе, онда несиелеуге соншалықты құштар болмайтындығы байқалған. Бұның өзі шалғайдағы кәсіпкерлерге қиынға соғады. Сонымен бірге, Ұлттық банк кәсіпкерлерді несиелеу нарығында орын алып отырған айтарлықтай өңірлік сәйкессіздікті де еске алады. Мысалы, берілетін жалпы несиенің республикалық бөлігіндегі 45 пайызы Алматыға, ал өңірлік бөлігіндегі 90 пайызы облыстарға бағытталады екен. Сондықтан да, жекелеген шалғайдағы бизнеске ұсынатын ақша жетпей қалуы мүмкін.
Сондай-ақ, Вице-премьер Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан бағытталатын қаражат шамамен алғанда 156 млрд. теңгені құрайды. Және бұл қаражат толық беріледі. «Бірақ, одан кейінгі кезеңдегі шаруаның барлығы екінші деңгейлі банктердің белсенділігіне, жергілікті әкімдердің жұмысына байланысты болып тұр. Әрине, біз бұндай екінші деңгейлі банктердің ісіне араласқымыз жоқ. Дегенмен де, мемлекет қазынасынан жырып алып отырған қаражат болғандықтан да бұл шараға бір орган жауапты болуы тиіс. Жауапты орган бұл қаражаттарды бөлудің жеделдігі мен олардың пайдаланылуын қадағаласа игі. Өйткені, бюджет қаражатын бөліп отырмыз, ал бұл қаражат бизнеске «жетпей желкесі қиылмауы», әйтпесе, жарты жолда тұрып қалмауы тиіс», деді Ө. Шөкеев. Сонымен қатар, Вице-премьер шағын кәсіпкерлікті қаржыландыру жұмысына облыс әкімдерінің де аса жауапты болуы қажеттігіне назар аудартты. «Өйткені, өңірлік бағдарламалар бойынша 28 млрд. теңгенің 15 млрд. теңгесі бөлінді. Ең бастысы әкімдіктер дұрыс жұмыс істесе игі. Оны айтуға себеп, осындай өзекті мәселеге келгенде кейбір әкімдіктердің табандап тұрып алуы түсініксіз жайт болып отыр. Мәселен, 748 жоба бүгінгі күні қаралып, оның 498-і ғана мақұлданды. Кейбір әкімдіктер осы аралықта өздерінің бағдарламаларын тыққыштап, теріс жолға бағыт алып барады», деді Ө. Шөкеев. Вице-премьердің бұлай мәселені төтесінен қоюы да түсінікті. Өйткені, осыншалық салмақты іске салғырт-салақ қарайтын әкімдер де бар көрінеді. Мәселен, Ақтөбе облысы 748 жобадан 242-сін қарап шығып, 192-сін мақұлдаған – бұл жақсы көрсеткіш. Солтүстік Қазақстан облысы да 115 жобаны қарап, 95-ін мақұлдады. Алматы облысы 114 жобаны қарады, 7-ін мақұлдады. Керісінше, Шығыс Қазақстан облысы 4 жобаны ғана қараған, мақұлдағаны жоқ. Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының да шағын бизнеске бұлайшы атсалысуы нөлге тең, жоққа тән болып отыр. «Яғни, бұлайша өзекті іске үстірт қарап, ат үстінен шешім айту болмаса керек-ті. Әйтпесе, жергілікті әкімдердің өзі мәселенің мәнісіне бармайтын секілді деген қорытынды шығаруға да болады. Сондықтан да әкімдердің бұл бағдарламаға ерекше ықылас танытуын сұраймыз. Өйткені, күзге қарай бұндай проблема өршіп кетуі ғажап емес», деді Ө. Шөкеев.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов те үкімет тарапынан шағын бизнесті қолдаудың барынша жүзеге асып отырғанын айтады. «Жалпы, шындығында атқарушы билік бұл мәселемен айналыспауы тиіс еді. Бұл негізінен нарықтың өзі айналдырып, дөңгелетіп әкететін шаруасы ғой. Бірақ Елбасының тапсырмасына сәйкес, шағын бизнесті қолдау үшін біз нақты қадамдарға барып отырмыз. Дегенмен де, нақты қадамдардан да нақты қайтарым күтіледі», деді Үкімет басшысы.
Расында, Қазақстанда шағын бизнесті мемлекеттік қолдау барысында салықтық преференциялар ұсыну, мемлекеттік қаржыландыру есебінен жеңілдетілген қаржы бөлу шаралары жасалды және бұл шара өз нәтижесін де белгілі бір деңгейде беріп келеді. Сонымен бірге, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру тұрғысында, бұл салаға арналған мемлекеттік саясат та жаңаша өрбіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіпкерлерді қолдау бойынша Үкімет өз міндетін толық жүзеге асыруда. Ендігі күні сәтті басталған шара әрі қарай нәтижелілікке жол тартса игі.
Негізі: ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/
|
|
|
|