|
|
Басты бет |
Сайт картасы |
Пресса залы |
Импрессум |
Байланыстар
|
|
|
Жаңалықтар мұрағаты
«Қазақстан 2009 жылы посткеңестік кеңістікте ең жетілідірілген салық заңнамасына ие болады» - «Российская газета»
Биыл Қазақстанда жаңа Салық Кодексі қабылданады. Құжаттың жобасы қазір Қазақстан қоғамында қызу талқылануда.Оған экономист-сарапшылар, қ
18 | 08 | 2008 Олардың бір бөлігі Кодекс жобасын сол күйінде толық қолдаса, қайсыбірі өзгерістер енгізу қажет деп есептейді. Жақында «Российская газетада» Инга Будянскаяның «Қазақстандағы салық» («Налоги по-казахски») деген мақаласы жарық көрді. Оқырмандарымызға қызықты болуы мүмкін екендігін ескере отырып, мақаланың ықшамдалған мазмұнын жариялап отырмыз.
Қазақстандағы салық
2008 жылы Қазақстан жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім деңгейі бойынша Ресеймен теңесті. Бұған таңдануға болмайды. Біздің Шығыстағы көршіміздің экономикалық даму серпіні соншалықты, Қазақстанда өмір сүру деңгейінің сапасы күн сайын емес сағат сайын жақсарып келеді деуге болады.
Ресей Үкіметі қазақстандық әріптестерінің экономикалық саясаттағы тәжірибесін көптен бері зерттеп келеді. Сонымен қатар, қазақстандық тәжірибенің кейбір элементтерін іс жүзінде қолдануда. Бұл орайда, Қазақстанның экономикалық дағдарыс жылдарында бірден 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді бағдарламасысын жасағанын айтып өтсек те болады.
Сондай-ақ, ТМД елдері арасында Қазақстан бірінші болып мұнайға тәуелсіз бюджетке көшті. Мұның өзі Ресейдің резервтік қоры мен Ұлттық игілік қорын құруды еске салады. Ел Парламенті алдағы күз айында Үкімет әзірлеген Салық кодексін қабылдаған жағдайда Қазақстан 2009 жылы посткеңестік кеңістіктегі ең жетілдірілген салық заңнамасына ие болады. Ал Ресей сарапшыларының пікірінше, бұл құжатта Ресейдің Қаржы министрлігі мен Экономикалық даму министрлігі арасында енді ғана талқыланып жатқан идеялар көрініс тапқан.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламентте биылғы Жолдауында салық жүйесін Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі міндеттерге сәйкестендіру қажет екенін, қолданыстағы Салық Кодексі экономикалық дамуда жағымды рөл атқарғанмен, оның мүмкіндіктері іс жүзінде түгесілгенін атап көрсеткен болатын.
Егер, қолданыстағы Кодекс Қазақстан экономикасын тұрақтандырушы ретінде бағаланса, жаңа құжат «Даму Кодесі» деген эпитетке лайы. Қазақстан Республикасының ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің мамандары жаңа жобаны әзірлеу барысында алдарына бірқатар міндеттер қойған болатын.
Бұл орайда, алдымен жекелеген кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер беру жүйесін ретке келтіру жайын мысал етуге болады. Қазақстан мемлекетінің басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда мұндай переференциялар елде 170-асқан және олардың саны ұдайы өсе түсуде.
«Біз белгілі бір кезеңде мұндай жеңілдіктердің Қазақстан экономикасының дамуын ынталандырудың орнына бәсекелестікте теңсіздік туындатып, мемлекеттік апппараттағы жемқорлықтың белең алуына жол ашатындығын түсіндік», деді Қазақстанның Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіндегі бір сұхбаттасымыз.
Екінші міндет – жаңа салық жүйесін оңтайлы әрі жеңіл етіп түзу. Президенттің ойынша, мұның өзі Қазақстан экономикасындағы көлеңкелі сектордың үлесін азайтуға және бизнесті мейлінше тартымды етуге сеп болады.
Соңғы, үшінші міндет - Қазақстан Үкіметі ел экономикасын диверсификациялау және энергия тасығыштардың әлемдік бағасына тәуелділікті жою үшін салықтық ынталандыруларды жүйелеу. Мұның өзі Қазақстанның Салық кодексінің Ресей үшін де көкейкесті екендігін байқатады. Дегенмен, жоғарыда айтылғандарды жаңа Салық кодексінің тек стратегиялық мақсаттары ретінде қарастыру керек. Бұл арада тактикалық мақсаттардың да бар екені мәлім және олар аз да емес. Қазақстан Үкіметі жаңа Кодексті тікелей ықпал ете алатын нормативті құжат деңгейінде жасап шығаруға ұмтылды. Сонымен қатар, құжаттың жекелеген баптарын әрқилы пайымдауға барынша тосқауыл қою мақсаты алға қойылды. Мұның қаншалықты іске асатынын Кодекс күшіне енгенде білуге болады.
Қазақстанның жаңа Салық кодексі салықтың 11 түрін қарастырады. Олардың арасында корпоративті табыс салығын, жеке табыс салығын, қосымша құн салығын, әлеуметтік салықты, бірыңғай салықты, бірыңғай жер салығын, мүлік салығын және басқаларын атап көрсетуге болады. Салықтың бұл түрлері Ресей салықтарына өте ұқсас. Мысалы, корпоративті табыс салығы Ресейде мекемелерге салынатын табыс салығымен бірдей. Бірақ, мәселе басқада. Егер, 2003 жылы жеке тұлғаларға салық салудың бір деңгейлі шкаласына көшкен Ресейде әлі күнге дейін азаматтардың табыс деңгейіне байланысты салықты диверсификациялау мәселесі көтеріліп жатса, Қазақстан жаңа Салық кодексі қабылданған жағдайда салық салудың осы түрін жаңа жылдан бастап қолданысқа енгізеді.
Тағы бір қызықты жайт, Қазақстандағы қосымша құн салығының деңгейіне байланысты. Жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін салықтың бұл түрі әлемдегі ең төменгі салықтардың бірі болмақ. Мұның Ресей Қаржы министрлігі қызметкерлерін дағдартуы да мүмкін. Өйткені ресейлік министрліктің қосымша құн салығын 12 пайызға дейін түсіруге келісім бермей отырғаны мәлім. Кәрім Мәсімовтың үкіметі бұл тұрғыдан алғанда анағұрлым батыл қадам жасады және экономиканың ішкі дамуын мемлекеттік бюджеттегі ықтимал шығындарға қарамастан ынталандыруға тәукел етті.
Сарпшылардың пікірінше, Қазақстанда жаңа Салық кодесінен кейін бизнесте салық жүктемесі төмендетіледі. Бұл республика жетекшілігінің әбден ойластырған қадамы. Нұрсұлтан Назарбаев ел Үкіметіне берген тапсырмасында Салық кодексі экономиканың шикізаттық емес секторына, әсіресе шағын және орта бизнеске жалпы салықтық жүктемені төмендетуді қарастыруы керектігін қадап айтқан болатын.
Жаңа Салық кодексінің қызығушылық туғызатын тағы бір тұсы - Қазақстан Үкіметін кәсіпкерлермен бірлесіп Қазақстан экономикасындағы әкімшілік бөгеттерді жоюмен айналысатын комиссия құруға міндеттейтіндігі.
Қазақстан Парламентінің жаңа Салық кодесі қабылданатын отырысы алдағы күз айында өтеді деп жоспаралнып отыр. Айта кетерлігі, құжатты талқылау барынша ашық өтуде. Кодекс жобасы шілде айында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің ресми сайтында жарияланды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осы уақытқа дейін Салық кодесі бойынша 50 отырыс өткізді. Осы басқосуларда бизнес өкілдері жобаға байланысты ескертулерін айтуға мүмкіндік алды. Ал тамыздың 7-сінде Астанада Үкіметтің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Республиканың министрлер комитеті мұның барлығы түптің-түбінде Қазақстанның жаңа Салық кодесі айқындылық, әділеттілік, жариялылық және ауызбірлік принциптеріне толық жауап бере алатындай болып шығады деп пайымдайды.
Негізі: ҚазАқпарат
|
|
|
|