|
|
Басты бет |
Сайт картасы |
Пресса залы |
Импрессум |
Байланыстар
|
|
|
Жаңалықтар мұрағаты
ЖЫЛУ МЕН ЖОЛ мәселесi Шымкент басшыларының ұдайы назарында
Шымкент шаһары, құдайға шүкiр, күннен-күнге көркейiп, жылдан-жылға жасарып келедi. Қалаға жаңа басшылықтың келуiне орай жаңа ойлар, соны серпi
06 | 08 | 2008 . Өткен жылғы қыс Шымкент қаласының тұрғындарына оңай тимеген. Көп қабатты үйлерде тұратындар жылуға жарымай, қыс бойы қалтырап шықты. Ендi, мiне, осы проблеманы шешудiң бiр жолы – жылу құбырларының жұмысын жақсарту болып тұр. Бұл үшiн Шымкентте екi жерден су айдайтын насостар салу қолға алыныпты.
Қала әкiмi Арман Жетпiсбаев жуырда осы насос станцияларын салудың жай-күйiмен танысты. Әзiрге құрылыс жұмыстары ендi басталған екен. Насос станцияларын “СМК Құрылыс-2008” ЖШС-iнiң жұмысшылары салуда. Бұл насос бекеттерi “ТЭЦ-3” жылу орталығы арқылы қаланың оңтүстiк бөлiгiн жылумен қамтамасыз етуге арналған.
—Қазiргi кезде жылу мәселесi бiз үшiн бiрiншi кезекте тұр, — дейдi Арман Шәрiпбайұлы. – Бұл мақсатқа трансферт түрiнде облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлiндi. Бұдан бөлек магистралдық жылу құбырларының сыртқы орауыштарын жаңарту үшiн қосымша 60-70 миллион теңгедей қаражат қарастырылып отыр.
Қала әкiмi насос станцияларын жылыту маусымы басталғанша қалайда бiтiрудi тапсырды. Қала басшыларының тағы бiр көңiл бөлген мәселесi – көшелердi жөндеу мен көркейту болды. Осыған орай, облыс орталығында аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Мәселен, Шымкент темiржол вокзалына маңдай тiрейтiн Қабанбай батыр көшесiндегi ойдым-ойдым шұқанақтар жылда көлiктiң соры болатын. Қазiргi уақытта оны жөндеумен облыстық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлиева басшылық жасайтын “Береке” ЖШС-i жұмысшылары айналысуда. Сондай-ақ, келген қонақтарға көзайым етерлiк қаладағы ең бiр көрiктi орындардың қатарындағы Республика алаңында да құрылыс жұмыстары қызып тұр. Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрының алдынан арық қазылып, жылу құбырлары жаңартылып жатса, алаң аумағы теп-тегiс боп асфальттанып, көңiл сүйсiнтедi. Жол жөндеу жиектерiн көркейту, тротуарлар салу жұмыстары Қонаев даңғылының бойында да қызу қолға алынған екен. Бүгiнде 31 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Бұдан басқа, өздерiңiз бiлесiздер, екi көше жаңадан салынуда. Ол Адырбеков көшесiнiң жалғасы мен Арғынбеков көшесi — дейдi қала әкiмi.
Шымкенттегi көлiк қозғалысын едәуiр жеңiлдететiн осы көшелердi жалғастыру кезiнде елеулi қиындықтар да кездеспей отырған жоқ. Ол осы көшелердiң бойындағы заңсыз салынған үйлер мен ғимараттардың бой көтеруi. Кезiнде “көке”, “жәкенiң” арқасында жер алып, «қызыл сызықтың» үстiне зәулiм үйлер тұрғызғандар аз емес екен. “Соның салдарынан жұмыс кестесiнен кешiгiп отырмыз” дейдi осы көшелерге асфальт төсеп, тротуар салып жатқан “Ташапи” фирмасының бас директоры Рамазан бей Шәки мырза.
Осы орайда, қала әкiмдiгi қызметiнiң тiптi де оңай еместiгiне көзiңiз жете түседi. Бiрде соттасу арқылы, бiрде өзара келiсiм арқылы қаланың бас жоспарын сақтау үшiн көп жұмыстар атқарылып келедi.
Көшелердiң жұмысына қол-байлау болып отырған тағы бiр жәйт, “Самал-1, 2, 3” мөлтекаудандарына осыдан үш жыл бұрын су құбырларын жүргiзу қолға алынған екен. Алайда, ол аяқталмаған. Қазiргi уақытта осы жұмыстарды бiтiру үшiн 385 миллион теңге қаражат қаралған. Құрылыс жұмыстарын тездетiп бiтiруге мердiгер кәсiпорындар уәде берiп отырған көрiнедi. Сондай-ақ, Адырбеков–Арғынбеков көшелерiнiң астында су құбырлары жатыр. Соны көшенiң жиегiне ауыстыру жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар бiрер күнде бiтуi тиiс. Сонда бұл көшелердi толық бiтiруге мүмкiндiк бар.
Негізі: Суханбердi ОРАЗАЛЫҰЛЫ, “Оңтүстiк Қазақстан”.
|
|
|
|